Пиши Дома Нужные Работы

Обратная связь

Одағайдың түрлері

 

Одағайлар білдіретін мағыналарының әр түрлілігіне қарай үш топқа бөлінеді.

1. Көңiл-күй одағайлары. Сөйлеуде сөйлеуші адам хабарды тек хабарлап қана қоймайды, хабармен бірге өз ойына өң бере сөйлейді. Хабар беруде сөйлеушінің қуанта, таңдандыра, күлдіре, ызаландыра, өтіне, кекесіндей, сұрай, бұйыра, айтқан ойы көңіл-күй одағайлары арқылы беріледі. Мысалы: -Па, шіркін! өмір болсаң, бол осындай! -Мырқымбай! Мырқымбай! Бай-бай-бай!.. жүрмісің жай (Б.М.) - деген сөйлемдерде сөйлеушілердің айтқан ойына тән сезім «па, шіркін және бай-бай-бай» көңіл-күй одағайлары арқылы берілген.

Көңіл-күй одағайлары сан жағынан аса көп болмағанымен, семантикалық құбылуы жағынан әр қилы. Адамның ішкі сезіміне қатысты айтылатын одағай сөздердің мағынасының әр түрлілігіне қарай көңіл-күй одағайлары үш түрге бөлінеді.

Бірінші,жағымды көңiл-күйдi бiлдiретiн одағайлар: Алақай!, Ура!(қуану, шаттану), һа!, Паһ-паһ!, Бәрекелдi! ( сүйсіне қоштау, шаттана сүйсіну), Оһо! (таңдану) Па-па! (сүйсіну, таңдану), т.б.; Мысалы: Е, бәрекелді!-деп Артықбай да мақұлдады (Ғ.М.).

Екінші, жағымсыз эмоцияны бiлдiретiн одағайлар: Әттеген-ай!, Әттең!, Қап! (өкіну), Тәйiрi!, Түге! (наразылық реніш), Ищай! (тоңу, жиіркену), Бай-бай-бай (қатты реніш, наразылық, кейістік), Пiшту (менсінбеу, жақтырмау) т.б.; Мысалы: Қап!-деді де, Ұлпан тұра берді. (Ғ.М.). Әй, сен, құтырған қатын, үйі өртенген адамға көңіл айтқаның осы ма? (Ғ.М.). Әй, әттеген-ай! Кезінде білмегенім ай!



Үшінші, көңіл-күй одағайларының әрi жағымды, әрi жағымсыз эмоцияны бiлдiретiн тобына жататындары әдетте көп мәндi болып келедi де, олардың мағыналары контекст iшiнде не ситуацияда анықталады. Мысалы, «Пай-пай!» одағайы қарама-қарсы екi мәнде жұмсалады: бiрi - «таңдану, сүйсiну, таңырқау» (Пай-пай қандай жарасады,ә!) мәнiнде болса, ендiгiсi - «ренжу, наразылық мағынасында (Пай-пай, не болар екен соңы!) қолданылады. Бұл оның көп мағыналы сөз екенін көрсетсе керек.

2. Императивтiк ишара одағайлары. Бұл топқа адам не хайуанатқа бағышталып айтылатын шақыру, жекiру, тыйым салу, бұйыру мақсатымен қолданылатын одағай сөздер жатады. Бұлар бағытталып отырған обьектiсiне қарай екi топқа бөлiнедi. Бiрi – адамға бағышталып айтылатын одағайлар, екiншiсi – малға, үй хайуанаттарына бағышталып айтылатын одағайлар.

Адамға бағышталып айтылатын одағайларға адамның атына, адресіне бұйыру, жекіру, тыйым салу, мақсатымен қолданылатын одағайлар қатарына Айда!, Ау! Әй! Тәйт!, Сап-Сап!, Марш!, Стоп!, Кәне!, Жә!, Тек! (Тәк), Әлди!, Әуп! Тәй-тәй! Қаз-қаз! тағы басқа сөздер жатады. Біреріне мысал келтірейік. -Жә, тұра тұр енді, мен барып шығайын! (М.Ә.). – Ау, жігіттер, бұларың не? (Ғ.М.). – Енді аздап сыбырлауларыңа болады. Кәне, кім не айтады? (Газеттен). - Әй, әрі кетші мазаны алмай! Тәй-тәй балам тәй балғын, жүре қойшы жай балғын. Қаз-қаз, балам, қаз балам, қадам бассаң, мәз болам. Әлди, әлди, шырағым, көлге біткен құрағым (Х.ауыз.әдеб.).

Малға бағышталып айтылатын одағай сөздерге: МоҺ-моҺ!, Шөре-шөре!, Сорап-сорап!, Көс-көс!, Шәуім-шәуім!, Әукім-әукім!, Мәлік келгір! Пұшайт! Ауһау! Айтақ!, Жамандатқыр! сияқты сөздер жатады. Бұлар үй жануарларын жемге шақыру, тоқтату, айдау, үркіту, қарғау мақсатымен қолданылатын одағай сөздер. Мысалы: Әукім,Әукім! Мал деп осы көк сиырды айтсайшы! (Б. Майлин). Моһ-моһ!-деп кешкі тынық даланы басына көтерді.(С.М.). Қошақаным, қайдасың? Пұшайт, пұшайт! Шөкетайым, қайдасың? Шөре, шөре! Құлыным менің, қайдасың? Құрау,құрау! Әукешім менің, қайдасың? Ауһау, ауһау! Ботақаным, қайдасың? Көс, көс!

3. Тұрмыс-салт одағайлары. Бұл топқа жататын одағай сөздер сан жағынан шағындау, бірақ тұрмыста олар жиі қолданылатын бір мағынамен айтылып сипатталатын сөздер. Мұндай одағайлар қатарына адамның амандасу, қоштасу т.б. сыйластық жасаудың белгiсi ретiнде қолданылатын сөздер жатады. Олар: Хош!, Хайыр!, Рахмет!, Ассалаумағалейкум!, Кеш жарық!, Құп», Ләббай! Дат! т.б.сөздер. Мысалы: Армысың, Қасым інішек, көптен бері біліс ек. Рахмет, дәл тауып шештің, ойы да, тілі де жүйрік тұлпарым (Төле би). Кендебай есіктен кіріп келіп: -Дат, тақсыр,-дейді. –Датың болса, айт!-дейді хан ақырып. Бұл сияқты сөздер адамдар арасында бір-бірін қоштағанда, бір нәрсеге назар аударғанда немесе керісінше қоштамағанда, амандасқанда, қоштасқанда айтылатын сөздер кейде біреу болса да тұтас сөйлем орнына жүреді. Мұндайлардың өз мағынасы түсініксіз де болады, ал, тіпті, түсінікті болғанның өзінде де олар өз мағынасында тұрмайды. Мысалы: «салаймағалейкум» -түсініксіз; «арма, бар бол» – дегендер түсінікті, бірақ өз мағынасында емес. «Жол болсын!» дегенде алғыс айту емес, тілегін тілеу емес, «неғып жүрген адамсың « дегендей сұрау жатыр. «Хайыр, хош» дегендер араб, парсынікі. Бұлар сөйлемге тән жалпы заңдылық бойынша құралмаса да, сөйлем болып табылады. Сондықтан одағай қатарына жатады (17. 92-93).

 






ТОП 5 статей:
Экономическая сущность инвестиций - Экономическая сущность инвестиций – долгосрочные вложения экономических ресурсов сроком более 1 года для получения прибыли путем...
Тема: Федеральный закон от 26.07.2006 N 135-ФЗ - На основании изучения ФЗ № 135, дайте максимально короткое определение следующих понятий с указанием статей и пунктов закона...
Сущность, функции и виды управления в телекоммуникациях - Цели достигаются с помощью различных принципов, функций и методов социально-экономического менеджмента...
Схема построения базисных индексов - Индекс (лат. INDEX – указатель, показатель) - относительная величина, показывающая, во сколько раз уровень изучаемого явления...
Тема 11. Международное космическое право - Правовой режим космического пространства и небесных тел. Принципы деятельности государств по исследованию...



©2015- 2024 pdnr.ru Все права принадлежат авторам размещенных материалов.